Алпыстың асуынан асқан Маңғыстау мұнайы осы жылдар ішінде талай еңбек тарландарын өсіріп шығарды. Олар салған сара жол – кейінгіге өнеге! Маңғыстау мұнай өнеркәсібінің дамуы жолында қырық жылдай еңбек етіп жүрген Қобылан Қайнаров, көлік департаментінің 4-дәрежелі автокөлік жүргізушісі.
«Дөң басында үш үй тұрдық. Ердәулет, Өмірбай кәкелер және біздің үй. Мен ол кезде төрт жаста едім. 1970 жылдары әкем Түркменстаннан Маңғыстауға қоныс аударғанда, жанұясымен бірден Қаламқасқа көшіп келген. «Жұмыс жасаймын» деген адамға өндіріс көзі ашылып бастаған кез. Жұмыс орынына жақын жерден үй салып, әкем «заправщик», анам «комендант» болып АТКМНГС су-4 мекемесіне жұмысқа орналасады. Сол маңайдан теңіз суына алып бөгеттер салынғанда балалық шағым бірге өрбіді. Таң атысымен құм тиеген ауыр көліктердің шаңы бұйраланып, аспан астын жауып алатын. Иірмек жол Қаламқас әулие мен кен орынының қақ ортасындағы дөңнің үстімен өтеді. Бала біткен қаз-қатар тізілген алып көліктерге мінгесіп аламыз. Олар күніне 8-10 рейс жасайтын. Көрші ағамыз да сол «татра», «краз» көліктерін кезекпен айдайтын. Көлігінің биіктігіне қызығатынмын, ішінде отырғанда алып өндірісті алқап алақанымда тұрғандай көрінетін. Ыстық күндері теңізге түсіп салқындап, кеш бата соңғы рейстен түсіп қаламыз. Жол бойы бұраубайлардың жарығына қарап, шеті мен шегі бітпейтін бала қиялына ерік беретінім әлі есімде. Бірінде ұшқыш болсам, енді бірінде алып көліктің жүргізушісі екенмін» -деп өткенін есіне алған Қобылан ағаны бала арманына қол жеткізген жан десек, қателеспейміз. Бүгінде мұнайшы-жолаушылары бар автокөліктің жүргізушісі.
Қобылан Қайнаров 1966 жылдың тумасы. Үш қыздың арасында өскен ұлға қойған әке талабы жоғары еді. 1980 жылы анасы Күләш Өмірбекқызының мұнай өнеркәсібінің дамуына қосқан еңбегі еленіп, Ақтау қаласынан бес бөлмелі үй берілді. Сол жылы Қайнаровтар отбасымен қалаға көшеді. Орта мектепті бітірген Қобылан әскерден қалып, жастайынан еңбекке араласа бастайды. Өмірөзеннің өткеліне жай жұмысшы боп кірген Қобылан 1984 жылы АТКМНГС су-4 мекемесінде автослесарь болды. Арқыраған аязда, бұрқыраған боранда, аптапты ми қайнатар ыстықта ашық далада жұмыс істеп, шыңдалды. Қара жұмысты ерінбей істеді, әр істің ерекшелігін санасына тоқи берді. Өйткені «Ұлым, еңбек майданын қара жұмыстан бастағаныңды құптаймын, тек істеген жұмысыңды берекелі қылып атқар. «Бетеге кетсе, бел қалады, бөктері кетсе ел қалады, берекең кетсе нең қалады?» - деген атаң қазақ. Қара жұмыстың шаңы қолыңа жұғып қалмайды, жуып сүртсең кетіп қалады. Қайта өмірдің қйындығын нақты көріп төселесің, кейін өзіңе жақсы болады. Кейбіреу шолақ ойлағанда, сен арыдан көріп тұрасың. Тек сұрайтыным, қай жұмыс, қызметті атқарсаң да Дүзелбайдың баласы берекесіз деген атақ алып, атыма кір келтірме»,-деген әке сөзі жадында.
1988 жылы КМНГР-де 3 разрядты бұрғышы көмекшісі болып жүріп, алты айлық шопырлық курсты оқып алады. 1991-1993 жылдары Гиофизика УГР мекемесінде, 1994 жылы БУТТ-да шопыр болып еңбек етеді. 1994-2006 жылдары АқтауТемірЖол-Кооперативінде 16 жыл еңбек етіп, мұнай өнеркәсібіне қайта оралады. 2006 жылы Қаражанбастағы Мұнайгазқұрылыс мекемесінде көлік тізгіндеп жүріп Маңғыстаумұнайгаз компаниясына келеді.
Қобылан Дүзелбайұлы жұмысына жанын салып, жүрегімен беріліп жасайтын жан. Оған дәлел ұқыптылығы мен еңбексүйгіштігі. 23-40 адамдық автокөліктерді тек кәсіби, сақ жүргізушілерге ғана сеніп тапсырады. Өз жұмысына ерекше ілтипатпен келіп, жұмыс барысындағы қиыншылықтарға мойымайтын Қобылан ағамыз үш баланың әкесі. Егіз қыздары Пекинде оқып, өңірдегі белді мұнай компанияларында инженер. Бала-келіні де жеке кәсіп өрбітіп, үлкендердің өсиетіне адалдығын берекелі, жемісті еңбектерімен дәлелдеуде. Ата – анасынан алған асыл қасиеттері алмастай жарқырай көрініп, Қайнаровтар әулеті көші алыс көкжиектерге беттеп барады.