Бас директор Серік Ахметов бастаған «Құрық порты» ЖШС өкілдері Бакуде (Әзірбайжан) өткен «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» Халықаралық ассоциацияның Жалпы жиналысына қатысты.
Жиын барысында қатысушылар Ассоциацияның 2024 жылғы қызметінің мәселелері мен 2025 жылға арналған жоспарларын талқылады.
Ассоциация мүшелерінің мәліметінше, 2024 жылы Қазақстан мен Әзірбайжанның теңіз порттары арқылы жүк тасымалдау көлемі 3,3 миллион тонна жүкті құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 20% артық. Контейнерлік тасымалдау көрсеткіші 56,5 мың ДФЭ құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 176% артық. Қытайдан жөнелтілетін контейнерлік пойыздардың саны 2024 жылы 2023 жылмен салыстырғанда 33 есе өсті. Сондай-ақ жалпы жиналысқа қатысушылар жүктер мен контейнерлерді тасымалдаудың 2025 жылға арналған жоспарын бекітіп, 2025 жылға арналған тарифтік ставкаларды жаңартты.
Жалпы жиналыс аясында «Middle Corridor: Connectivity via Caspian Sea» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Форумға қатысушылар Каспий теңізі арқылы тасымалдауға қатысты негізгі мәселелерді талқылады. Талқылау барысында Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдау көлемін ұлғайту, порт инфрақұрылымын дамыту, жаңа технологиялар мен халықаралық ынтымақтастықтың флот тиімділігіне әсері, сондай-ақ осы аймақтағы жүк тасымалының экологиялық аспектілері сияқты тақырыптар қозғалды.
Сонымен қатар, кездесу барысында Қытай Халық Республикасындағы Сиань қаласында Қауымдастық өкілдігінің ашылғаны жарияланды. Бұл қадам қытайлық әріптестермен ынтымақтастықты кеңейтіп, көлік байланысын нығайтуға бағытталған.
Сонымен қоса, Xian Free Trade Port (ҚХР), Poti Trans Terminals (Қазақстан) және UZ Cargo Poland (Польша) компаниялары қауымдастырылған мүше ретінде Ассоциация құрамына қабылданды.